Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары бекіту

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 22 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министірлігінде 2020 жылы 29 қаңтарда № 19941 болып тіркелді

       "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

       1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.

       2. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 13 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14431 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 6 желтоқсанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

       4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Төрағасының бірінші орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

А. Шпекбаев

 

 

Қазақстан Республикасы
Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігі
(Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы қызмет) Төрағасының
2020 жылғы 28 қаңтары
№ 22 бұйрығымен
бекітілген

       

 

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары

 1-тарау. Жалпы ережелер

       1. Осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингін жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізеді.

      3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері – мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар.

      4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану тәжірибесін бағалау болып табылады.

      5. Осы Қағидалардың қолданысы арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне таралмайды.

      6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мәні – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану тәжірибесінің жағдайына, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауға қатысты ақпарат болып табылады

      7. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізуге арналған ақпарат көздері:

      1) құқықтық статистика органдарының мәліметтерідеректері;

      2) жеке және заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі өтініштері;

      3) үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың мәліметтері;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнамалардың деректері;

      5) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;

      6) заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болып табылады.

 2-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу тәртібі

      8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ақпаратты жинақтау, өңдеу, қорыту, талдау және бағалау жолымен жүргізіледі.

      9. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг келесі түрлерге бөлінеді:

      1) кешенді;

      2) тақырыптық.

      10. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті жүргізу кезінде қызметтің әртүрлі салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқық қолдану тәжірибесі, оның ішінде екі және одан да көп мемлекеттік органның, ұйымдардың және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі бағаланады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг міндеттері:

      1) сыбайлас жемқорлық көріністеріне барынша бейімді салаларды анықтау;

      2) мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қабылданатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін бағалау;

      3) қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін түсінуі мен бағалауын талдау.

      11. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингті уәкілетті орган мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг жүргізу кезінде қызметтің белгілі бір саласында, нақты мемлекеттік органда, квазимемлекеттік сектор ұйымында немесе субъектісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқық қолдану тәжірибесі бағаланады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингтің міндеті белгілі бір салада, нақты мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін мәселелерді зерделеу болып табылады.

      12. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті мынадай мерзімдерде жүргізеді:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг – тоқсан сайын;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторинг – тұрақты негізде.

      13. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингті өз бастамасы бойынша, кез келген уақытта келесі тәртіппен жүргізеді:

       1) осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген ақпаратты ашық көздерден жинау және қорыту;

      2) жиналған ақпаратты зерттеу және талдау;

      3) белгілі бір қызмет саласында, нақты мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін мәселелерді айқындау;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесін қалыптастыру.

 3-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері

       14. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері осы Қағидалардағы қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді және уәкілетті органға қорыту үшін жолданады.

      15. Уәкілетті орган тұрақты негізде оның аумақтық бөлімшелерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен жолданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерін қарайды және талдайды.

       16. Уәкілетті орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді және тақырыптық мониторинг нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ағымдағы жағдайды бағалауды көрсететін талдамалық есепті және осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес шешімді жасайды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг қорытындылары бойынша талдамалық есепке, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен жүргізген және уәкілетті органға есепті тоқсан ішінде келіп түскен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері енгізілуі мүмкін.

      17. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг қорытындылары бойынша талдамалық есеп уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      18. Уәкілетті органның шешімі болып табылады:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу туралы ұсынымдар әзірлеу.

      ________________________

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
мониторингті жүргізу
қағидаларына
қосымша

 

Нысан

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы _________________ мониторингтің қорытындылары  (мониторинг түрі)

       I. Кіріспе

       1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген қызмет саласының атауы/сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген мемлекеттік органның(дардың), ұйымның(дардың) және/немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінің(лердің) атауы:

      ________________________________________________________________.

       2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді: жеке/заңды тұлға, электрондық пошта мекенжайы, телефон нөмірі

      ________________________________________________________________.

      3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кезеңі: __________ басталды __________ аяқталды.

       II. Ақпараттық-талдамалық бөлім

      Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі мен туындау себептерін сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштер.

       III. Қорытынды бөлім

      Қорытынды. Өңделген ақпаратты бағалау.

 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК