Батыс Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті туралы ереже

   7-қосымша

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының
2012 жылғы 6 сәуірдегі
№  25-ө-к бұйрығына

 

Батыс Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік
қорғау департаменті туралы ереже

1. Жалпы ережелер
1. Батыс Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті (бұдан әрі – Департамент)  Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау,  зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) туралы ережені, Комитет туралы ережені, Министрліктің Регламентін, оның алқасының шешімдерін, Министрдің, жауапты хатшының, Комитет төрағасының бұйрықтары мен нұсқауларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады. 
3. Департамент мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес   қазынашылық органдарда шоттары болады.
4. Департаменттің құрылымын, штат санын Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді. 
5. Департаменттің заңды мекенжайы: 090000, Орал қаласы, Сарайшық көшесі, № 44/2 үй.
6. Департаменттің толық атауы: «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті – мемлекеттік мекемесі. 
7. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.
8. Департаменттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебінен ғана жүзеге асырылады.
Департаментке өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Департаментке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Департаменттің міндеттері мен функциялары
9. Департаменттің негізгі міндеттері:
1) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманың орындалуын мемлекеттік бақылау;
2)  зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау және оларды төлеу; 
3) мүгедектікті, еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын әзірлеу және мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын іске асыру бойынша жұмысты үйлестіру; 
4) өндірістегі жазатайым оқиғаларды зерттеу және өз құзыреті шегінде азаматтар құқықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету;
5) ұжымдық шарттардың жасалуына мониторинг жүргізу;
6) Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне басшылық жасауды және үйлестіруді жүзеге асыру;
7) Министрлік пен Комитет басшылығының тапсырмаларын орындау, өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне жауап дайындау;
8) Министрліктің Стратегиялық және Операциялық жоспарларын іске асыруға қатысу;
9) Департаментке заңнамада және Министрлік пен Комитет басшылығы жүктеген өзге де міндеттер.
10. Департамент қолданыстағы заңнамаға және оған жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) еңбек, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау; жұмыспен қамту; әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру; балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау; азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету; мүгедектерді әлеуметтік қорғау, оның ішінде медициналық-әлеуметтік сараптама және арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан (бұдан әрі - Орталық) және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді, арнайы мемлекеттік жәрдемақыны, жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда  істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақыны (бұдан әрі – мемлекеттік арнайы жәрдемақы), бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелейтін адамға арналған жәрдемақыны, банкрот болу салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдерді капитализациялау мерзімі аяқталғаннан кейін берілетін ай сайынғы төлемдерді (бұдан әрі – регрессшілерге берілетін ай сайынғы төлемдер), Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақыны, жерлеуге арналған біржолғы төлемдерді тағайындау;
3) Орталықтан және МӘСҚ-тан зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау;
4) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың, халықты жұмыспен қамту, зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, міндетті әлеуметтік сақтандыру және арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу;
5) Орталықтан мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің, зейнетақы төлемдерінің, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы мемлекеттік жәрдемақының,  мемлекеттік арнайы жәрдемақының, бала тууына және оның күтіміне арналған жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелейтін адамға арналған жәрдемақыны, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы, жерлеуге арналған біржолғы төлемдер, регрессшілерге берілетін ай сайынғы төлемдердің,  МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдердің уақытылығына және толықтығына бақылау жасау;
6) Орталықтан зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттардың дұрыстылығын тексеру;
7) Орталықтан төленетін зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің,    МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемдердің сомалары мен алушылардың саны туралы деректерді жинауды ұйымдастыру;      
8) Орталықтан зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді тағайындау және алу мәселелері бойынша түсініктеме беру;
9) республикалық бюджет және МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдерді тағайындауға бақылау жасау;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте МӘСҚ қызметін өз құзыреті шегінде инспекциялау;
11) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың, кәсіптік уланулардың себептерін талдау және олардың алдын алу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өндірісте жазатайым оқиғаларды уақытылы және  объективті тексеру жүргізуге бақылау жасау;
13) жұмыс беруші ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін (есептік тіркеу) жүзеге асыру;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өндірісте жазатайым оқиғаларды тексерудің уақытылығына және  объективтілігіне бақылау жасау;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өндірісте жазатайым оқиғаларды тексеру;
16) басшы қызметкерлер мен жұмыс берушіде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімдерін тексеру;
17) өндірістік мақсаттағы объектілерді пайдалануға қабылдап алу жөніндегі қабылдау комиссиясының құрамына қатысу;
18) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өкілетті өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау;
19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы және еңбек заңнамасы нормаларын қолдану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін белгіленген тәртіпте қарау;
20) оралмандардың көшіп келу квотасы бойынша келген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне біржолғы жәрдемақылар мен өтемақылар төлеудің уақытылығына бақылау жасау;
21) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлігінде медициналық-әлеуметтік ұйымдардың қызметіне бақылау жасау;
22) «Е-собес», «Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі» ААЖ деректер базасының толтырылуына мониторинг ұйымдастыру;
23) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қатерлерді бағалау мониторингін ұйымдастыру;
24) мүгедектік тобын, оның себептерін, мерзімдерін, мүгедектік пайда болған уақытын, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін, ағза қызметінің бұзылу дәрежесіне және тіршілік етуді шектеуге қарамастан «мүгедек бала» санатын анықтау;
25) мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау және олардың іске асырылуына бақылау жасау;
26) мүгедектерді есепке алу жүйесінің орталықтандырылған деректер банкін қалыптастыру, мүгедектіктің себептеріне, құрылымына және жағдайына мониторинг жасау;
27) зардап шеккен жұмыскердің қосымша көмек және күтім түрлері сұранысын анықтау;
28) медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша медицина ұйымдарына консультативтік көмек көрсету;
29)  жоғары тұрган органдардың тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ету, консультациялық және түсіндіру жұмысын жүргізу;
30) жұмыс жоспарын, сондай-ақ Министрлік пен  Комитеттің тапсырмаларын орындау бойынша аумақтық департаменттердің қызметін ұйымдастыру, үйлестіру және талдау;
31) өз құзыреті шегінде құқықтық, консультациялық және практикалық көмек көрсету;
32) Департамент қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру;
33) өз құзреті шегінде ерлер мен әйелдердің тең құқықтары және мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
34) заңнамада және Министрліктің басшылығы Комитетке жүктеген өзге де функцияларды аумақтық департаменттер орындау.

3. Департаменттің құқықтары
11. Негізгі міндеттерін іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында Департамент заңнамада белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде: 
1) Департамент құзырына кіретін мәселелер бойынша  мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда Министрлік пен Комитет атынан өкілеттік етуге және тиісті хат алмасуға, өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түсуге; 
2) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен байланысты жүзеге асыруға, олардан қызметі үшін қажетті мәліметтер мен материалдарды сұратуға және алуға; 
3) заңнама талаптарының орындалуы бойынша белгіленген тәртіппен тексеруді және мемлекеттік бақылаудың басқа да нысандарын жүзеге асыруға; 
4) Департамент құзырына кіретін мәселелерді талқылау бойынша комиссиялар мен жұмыс топтарының жұмысына қатысуға;
5) Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарынан, уәкілетті жергілікті атқарушы органдардан, жұмыс берушілерден (заңды тұлғалардан), жеке тұлғалардан, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардан талдау жұмысын қамтамасыз ету және Департаментке жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті құжаттар мен ақпараттық сипаттағы анықтамаларды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
6) Департаменттің құзырына кіретін мәселелер бойынша тиісті шешімдерді қабылдауға; 
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқылы.

4. Департаменттің қызметін ұйымдастыру
12. Департаментті Министрдің келісімімен Комитет төрағасы лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын директор басқарады.
Департамент директорының Комитет төрағасы лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын орынбасарлары болады. 
Орынбасарларының біреуі облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы болып табылады.
Департамент директоры мен орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін Комитет төрағасы айқындайды.
13. Департамент директоры Департаменттің жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.
14. Осы мақсатта Департамент директоры:
1) Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
2) заңнамаға сәйкес Департамент қызметкерлерін лауазымдарына тағайындайды және босатады;  
3) Департамент  қызметкерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелері заңнамада белгіленген тәртіппен шешеді;    
4) құқықтық актілерге қол қояды;  
5) Комитетпен келіскеннен кейін адам саны лимиті мен құрылымы шегінде Департаменттің штат кестесін бекітеді;
6) Департамент қызметкерлерінің  лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;  
7) мемлекеттік органдарда, қоғамдық және басқа қазақстандық және шетелдік ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қарым-қатынаста Департаменттің атынан өкілдік етеді;
8) заңнамада белгіленген тәртіппен Департамент атынан заңды және жеке тұлғаларға наразылықтар мен талап  білдіру туралы шешім қабылдайды. 
9) Комитеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілікте болады. 

5. Департаменттің мүлкі
15. Департаменттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болмайды.
16. Департаменттің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің, сондай-ақ құны Департаменттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктің есебінен қалыптасады.
17. Департаментке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
18. Департаменттің өзіне бекітіп берілген мүлікті және егер заңнамалық актіде өзгеше белгіленбесе, оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен айыруға немесе оған өзге де тәсілімен билік етуге құқығы жоқ.

6. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату
19. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.